Спорт

«Намыс» клубының жауынгерлері Үндістанда төрт алтын жүлде алды

Сурет: Оңдасын Елубай

Үндістанның Пинджап қаласында 23-25 қазан аралығында өткен Arashi ММА әлем чемпионатында «Намыс» top team аралас жекпе-жек клубының екі жаттықтырушысы мен екі жауынгері төрт бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Спорт журналисі Оңдасын Елубайдың айтуынша, Жасұлан Бекболатұлы, Нұрхан Асқаров, Әли Кенжал мен Әли Ермеков алтын жүлдені жеңіп алды. Бұл жеңіске жаттықтырушылар Бекболат Сағиев пен Жасұлан Бекболатұлының қажырлы еңбегі арқасында қол жеткізілді. Команда бұған дейін де халықаралық жарыстарда, әлем чемпионаттары мен жекпе-жек сайыстарында алтыннан алқа тағып, ел намысын абыроймен қорғаған.

«Нұрхан Асқаров, Дулатхан Ерсұлтан, Кенжал Әли, Әли Ермеков, Бекболат Әмірәли, Ислам Қуанышұлы, Ислам Мұқанов, Ермек Мағжан мен басқа да жекпе-жек шеберлері әлемдік додаларда тек жеңіс биігінен көрінді», деді ол.

Елімізде аралас жекпе-жекке қызығушылар жылдан жылға көбейіп келеді. Осыған байланысты болашақта ММА кафедрасы ашылуы мүмкін деген ақпарат тарады. NAIZA аралас жекпе-жек лигасының президенті Нұрбек Қарабаланың айтуынша, ММА кафедрасын спорт академиялардың бірінде ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Көп оқылғандар