Сурет: Ritzau Scanpix/imago images
Мьянма парламенті интернет-алаяқтық орталықтарында адамдарды мәжбүрлі еңбекке тартқан қылмыскерлерге өлім жазасына дейінгі жазаны көздейтін заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы Аун Лин Двенің айтуынша, төменгі палатамен өткен консультациялардан кейін енгізілген түзетулер заң шығарушылар тарапынан қолдау тапқан.
Мамыр айында жарияланған заң жобасында интернет-алаяқтыққа байланысты әрекеттерді күшпен жасатуға бағытталған зорлық-зомбылық, азаптау, заңсыз бас бостандығынан айыру немесе қатыгездік көрсеткендерге 10 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ өлім жазасын қолдану қарастырылған.
Қабылданған заңға сәйкес, егер жәбірленуші алаяқтардың күш көрсетуі салдарынан қаза тапса, сот өлім жазасы түріндегі үкім шығара алады.
The Global New Light of Myanmar басылымы 28 шілдеде Таиландпен шекарадағы Шве-Кокко және Мьявади қалаларының аудандары интернет-алаяқтардан толық тазартылғанын хабарлады. Соңғы бірнеше айда құқық қорғау органдары заңсыз салынған 77 нысанды, сондай-ақ қылмыстық топтарға тиесілі 17 қабатты ғимаратты сүрген.
Басылымның мәліметінше, Мьянма үкіметі көршілес елдермен бірлесіп, интернет-алаяқтық пен заңсыз құмар ойындарға қарсы күресті жалғастырады.
Мазмұнға өту
