Сурет: ЖИ иллюстрация
Қазақстанда міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік өзгеріссіз қалады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ведомствоның айтуынша, 2027 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктің өзі емес, заңнамада қарастырылған өтемақы төлеу тетігінің бірі өзгереді. Яғни, азаматтардың міндетті зейнетақы жарналары бұрынғыдай мемлекет кепілдігімен қорғала береді.
Бұл өзгерістер жинақтаушы зейнетақы жүйесінің дамуына байланысты енгізіліп отыр. Зейнетақы жүйесіндегі жаңа ережеге сәйкес, салымшылар зейнетақы жинақтарының 100 пайызына дейін инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға бере алады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік жинақтың 50 пайызына дейін ғана берілген болатын.
Егер азамат өз жинағын жеке басқарушы компанияға тапсырса, инвестициялық компанияны, инвестициялық стратегияны және тәуекел деңгейін өзі таңдайды. Осыған байланысты зейнетақы жүйесінің жұмыс істеу тетігі де жаңартылып жатыр.
Министрлік қолданыстағы заңнама азаматтардың зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ететінін атап өтіп, Ұлттық банк те зейнетақы активтерін басқаруды жалғастыратындығын мәлімдеді.
Ұлттық банктің негізгі міндеттерінің бірі – ұзақ мерзімді кезеңде зейнетақы активтерінің табыстылығын инфляция деңгейінен жоғары ұстау. Ал инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға қаржылық тұрақтылыққа, меншікті капиталының жеткіліктілігіне және кәсіби тәжірибесіне қатысты қатаң талаптар қойылады. Егер мұндай компания заңда белгіленген ең төменгі табыстылық деңгейін қамтамасыз ете алмаса, айырманы өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті. Өзгерістер азаматтардың зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндігін кеңейтуге және инвестициялық компаниялардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Ал міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік толық көлемде сақталады, делінген хабарламада.
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында зейнетақы жинақтары бойынша мемлекеттік кепілдікті алып тастауы мүмкін екендігі туралы ақпарат тараған болатын.
Мазмұнға өту
