Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі жаңартылды. Мәдениет және ақпарат министрлігі Үкімет қаулысына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Терминология біріздендіріліп, енді нормативтік құқықтық актілерде «Гимн» орнына «Әнұран» қолданылады. Жеке және заңды тұлғалардың Мемлекеттік Туды орналастыру тәртібі нақтыланды. Туды ғимараттарға, соның ішінде балкондарға 45 градус бұрышпен ілуге болады. Бұл норма 2020 жылдан бері заңнамада болғанымен, балконға орналастыру тәртібі бұрын айқындалмаған еді.
Жеке тұрғын үйлерде Ту жерден кемінде үш метр биіктікте орнатылуы тиіс. Түнгі жарықтандыру талабы алынып тасталды. Егер ғимараттың сәулеттік немесе техникалық ерекшеліктеріне байланысты Туды қасбетке орналастыру мүмкін болмаса, оны үй аумағындағы жеке ту тұғырына орнатуға болады. Ту жерге, еденге, суға немесе басқа заттардың бетіне тимеуі керек. Тік орналастырылғанда ұлттық өрнек матаның жоғарғы жағында болуы қажет.
Коммерциялық мақсат көздемейтін мәдени, спорттық, қоғамдық және басқа іс-шараларда Туды жеке және заңды тұлғалар пайдалана алады. Ту ұлттық стандартқа толық сәйкес болуы тиіс. Өңі кеткен, жыртылған, кірлеген немесе зақымдары бар Туды пайдалануға тыйым салынады.
Мемлекеттік рәміздер туралы заңнама талаптары сақталса, Туды көлік салонында пайдалануға рұқсат етіледі. Туды әдейі бүлдіруге, жоюға, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға, мақсатқа сай емес қолдануға және оның мәртебесіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол берілмейді.
Қағидаларда Туды жарнамалық мақсатта пайдалануға, сондай-ақ киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, перде, дастарқан, төсеніш және тұрмыстық бұйымдарға орналастыруға тыйым салынған. Бұл мемлекеттік рәміздің бейнесін күнделікті тұрмыста орынсыз пайдаланудың алдын алып, құрметті сақтауға бағытталған.
Енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мемлекеттік Тудың бейнесін спортшылардың киімі мен жабдықтарында қолдануға рұқсат етілді. Бұған дейін тек Мемлекеттік Елтаңбаның бейнесін орналастыруға ғана мүмкіндік берілсе, енді бұл құқық Мемлекеттік Тудың бейнесіне де қолданылады. Спорттық киім мен жабдықтарға футболкалар, спорттық костюмдер, бейсболкалар, кепкалар және басқа да киім үлгілері жатады. Өзгерістер мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін біріздендіруге, оларға деген құрметті арттыруға және азаматтар, ұйымдар, спортшылар мен кәсіпкерлер үшін ортақ талаптарды айқындауға мүмкіндік береді.
Мазмұнға өту
