Басты тақырып

Мемлекет басшысы Сингапурдың Аға министрі Ли Сянь Лунды қабылдады

Сурет: aqorda_resmi

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурдың Аға министрі Ли Сянь Лунмен кездесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Ли Сянь Лунның алғашқы сапары ел үшін тарихи маңызға ие екенін атап өтті.

«Осыдан 35 жыл бұрын, Қазақстан тәуелсіздігінің елең-алаңында, яғни 1991 жылдың қыркүйегінде әкеңіз Ли Куан Ю Қазақстанға келді. Сол сапар өзара қарым-қатынасымыздың берік негізін қалаған еді. Біз Сингапур басшылығының көреген саясатын жоғары бағалаймыз. Қаржы, сауда, инновация мен технологияның жаһандық орталығына айналудағы жетістіктеріңіз таңғалдырады. Сіздің еліңіздің тәжірибесі бүкіл халықаралық қоғамдастыққа үлгі болып отыр», — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын, оның дәлелі тұрақты саяси диалог, сауда-саттықтың өсімі және сингапурлық капиталдың көптеп тартылуы екенін жеткізді.

«Қазақстан мен Сингапур Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия өңірлерінде ірі сауда серіктестері болып қала береді. Қазақстанда 500-ге тарта Сингапур капиталы бар компания жұмыс істейді және олардың қатары арта түсуде», — деді Президент.

Мемлекет басшысы елдеріміз көпжақты форматтар аясында тығыз байланыс орнатқанын, екі мемлекет те орта держава саналатынын, халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша тараптардың ұстанымдары ұқсас екеніне назар аударды.

Көп оқылғандар