Шартарап

Lionsgate «Наруто» фильміне жасөспірім актерлерді іздейді

Сурет: EPA/TOMOYUKI KAYA

Lionsgate студиясы «Наруто» мангасы бойынша түсірілетін фильмге халықаралық кастинг басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Франшизаның ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, қазір №7 команда мүшелері — Наруто Узумаки, Саске Учиха және Сакура Харуно рөлдеріне актерлер іріктелуде. Қалған кейіпкерлерге кастинг кейінірек жүргізіледі.

Фильмнің режиссері Дестин Дэниел Креттон «Наруто» әлемін алғаш рет үлкен экранға шығаруды үлкен мәртебе санайды. Ол Кисимото-сэнсэйдің туындылары бүкіл әлемдегі жанкүйерлердің бірнеше буынын шабыттандырғанын атап өтті.

— Оның әлемі мен кейіпкерлерін толықметражды көркем фильм форматында алғаш рет үлкен экранға шығару — мен үшін үлкен құрмет. Біз №7 команда үшін жаһандық кастингті бастап, «Нарутоның» ғажайып әлемін көрерменге ұсынуға асығып отырмыз, — деді Креттон.

Манга авторы Масаси Кисимото да болашақ экранизацияға қатысты әсерімен бөлісіп, болып жатқан жайттарға әлі сене алмайтынын айтты.

— Өмірімде бірінен соң бірі ғажайып оқиғалар орын алып жатыр. Менің туындым — «Наруто» шынымен де Голливуд фильміне айналмақ! Ал режиссер ретінде қайталанбас Дестин Дэниел Креттонның таңдалуы — одан да үлкен қуаныш. Мұның бәріне әлі күнге дейін сене алар емеспін. Осынша керемет оқиға орын алған соң, алда бұдан да көп жақсылық күтіп тұрғанына сенемін. Дарынды әрі ынталы актерлермен кездесуді асыға күтемін. Кейіпкерлерімді үлкен экраннан көретін сәтті тағатсыздана күтіп жүрмін, — деді Кисимото.

Көп оқылғандар