Әлем

Конгода мектеп өртеніп, 26 оқушы қаза тапты

Сурет: Синьхуа

Конго Демократиялық Республикасының шығысындағы Оңтүстік-Киву провинциясының әкімшілік орталығы Букаву қаласында өрт шығып, 26 бастауыш сынып оқушысы қаза тапты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қаза тапқандардың денесі жергілікті ауруханаларға жеткізілді. Түтіннен уланған басқа оқушыларға медициналық көмек көрсетілуде.

Букавуды бақылауында ұстап отырған «23 наурыз қозғалысы» (M23) көтерілісшілер тобының өкілі Лоуренс Канюка 29 адамның жарақат алғанын, оның 21-і жансақтау бөлімінде жатқанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, өрт қаланың бір ауданында басталып, бірнеше үй өртеніп, қираған. Содан кейін от жақын маңдағы екі бастауыш мектепке тез тараған.

КДР білім министрлігі өрттен көптеген адамның, соның ішінде оқушылардың да зардап шеккенін хабарлады. Бірақ қаза тапқандардың нақты санын жариялаған жоқ.

Бұған дейін Угандада мектеп автобусы жол апатына ұшырап, 20 оқушы қаза тапқанын еске саламыз.

Көп оқылғандар