Сурет: istockphoto.com
Конго Демократиялық Республикасында Эбола індеті қайтадан белең алып, жұқтырғандар саны 282-ге жетті. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Соңғы аптада індетті жұқтырған 15 адам тіркелген. Олардың көбі Солтүстік Киву провинциясында анықталған. ДДСҰ мамандары індеттің таралуын бақылау үшін аймаққа қосымша дәрігерлер жіберді.
«Эбола вирусы әлі де жойылған жоқ. Біз вакцинацияны күшейтіп, індеттің одан әрі таралуын тоқтату үшін бар күшімізді салуымыз керек», – деді ДДСҰ өкілі.
Жергілікті билік індетке қарсы шараларды күшейтіп, жаңа жағдайларды анықтау үшін скрининг жүргізіп жатыр. Аймақта вакцинация қарқыны төмендеп кеткені алаңдаушылық тудыруда.

