Сурет: Egemen Qazaqstan
Ресей 2028 жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге дайын екенін білдірді. Бұл туралы Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жапаровтың айтуынша, Қырғызстанға VII Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын 2028 жылы Татарстанда өткізуге дайын екендігі туралы Ресей тарапынан ресми хат келген. Бұл мәлімдемені ол Бішкекте өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында жасады.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Ресей Федерациясынан VII Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын 2028 жылы Татарстанда өткізуге дайын екені туралы ресми хат келгенін хабарлағым келеді. Бұл үшін Ресей президенті Владимир Владимирович Путинге алғысымды білдіремін. Біз Ресей тарапына халықаралық маңызы бар бұл шараны жоғары деңгейде өткізуге жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», — деді Садыр Жапаров.
Осылайша, келесі VII Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын 2028 жылы Татарстан қабылдауы ықтимал.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтуде. Жарыстың негізгі бөлігі Ыстықкөл өңіріндегі Шолпан-Ата қаласында ұйымдастырылған.
Ойындардың ашылу салтанаты Бішкектегі жаңа «Бішкек Арена» стадионында өтті. Шараға мемлекет басшылары мен түрлі елдердің делегациялары қатысты.
Ал әлеуметтік желіде Қырғызстанда өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қонақтарын қарсы алған алып қар барысының бейнесі тарады.
Естеріңізге саламыз, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтеді. Қазақстан құрамасы жарыс регламентінде бекітілген 43 спорт түрі бойынша 152 спортшы қатысады.
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ашылу салтанатына қатысып, ел спортшыларына қолдау білдірді.
