Сурет: АШМ
Қазақстанда қант қызылшасын жинау және өңдеу маусымына дайындық жалғасуда. Көксу қант зауыты жаңа өнімді қабылдауға дайындықты аяқтап жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі уақытта кәсіпорынның өңдеу қуаты тәулігіне 2 мың тоннаны құрайды. Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде биылғы қазан айында бұл көрсеткіш тәулігіне 3 мың тоннаға дейін артады деп күтілуде.
Қыркүйек айының соңында зауытта жаңа диффузиялық жабдықты монтаждау жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар өндірістік зертхана жаңа құрал-жабдықтармен жарақтандырылуда, оның ішінде қант қызылшасының қоспалылығы мен қанттылығын анықтайтын құрылғы орнатылды.
Шикізат қабылдау үшін кәсіпорын аумағында бес БУМ машинасы дайын тұр. Бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстары жаңа өнімді уақтылы қабылдап, өңдеу кезеңінде зауыттың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі зауыттарды қант қызылшасын өңдеу маусымына дайындау жұмыстарын үйлестіруді қолға алған. Қазан айында Тараз қант зауытында тәулігіне 3 мың тонна өнім өңдейтін желіні орнату жұмыстары аяқталады.
Министрлік қант қызылшасы егілетін алқаптарды ұлғайту бойынша жұмысты жалғастыруда. Биыл қант қызылшасы 23,8 мың гектар алқапқа егілді, негізгі егіс алқаптары Жамбыл және Жетісу облыстарында шоғырланған.
Аталған шаралар өндіріс көлемін ұлғайтуға және отандық өңдеу кәсіпорындарының қуатын тиімді пайдалануға бағытталған.
