Қоғам

«Кітап оқитын ұлт» марафонына 1,4 млн-нан астам адам қатысуда

Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың төрағалығымен «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының барысы талқыланған кеңес өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жиында марафонның аралық қорытындылары мен кітап оқуды насихаттау жөніндегі келесі қадамдар қаралды. Марафон Президенттің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын орындау аясында жүргізіліп жатыр.

Қазір жобаға 1,4 миллионнан астам адам қатысып отыр. Олардың арасында оқушылар, студенттер, педагогтер, отбасылар, еңбек ұжымдарының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер және шығармашылық зиялы қауым бар. Барлық өңірде жобалық кеңселер ашылып, қазақ және орыс тілдеріндегі 345 әдеби шығарманы қамтитын бірыңғай тізім жасалды. Сонымен қатар reading-nation.kz цифрлық платформасы жұмыс істейді.

Қатысушылар платформада оқыған кітаптары жайында пікір жазады. Жарияланған пікір саны бойынша Ақтөбе облысы – 25 557, Солтүстік Қазақстан облысы – 14 249, Қызылорда облысы 14 037 пікірмен алда тұр.

Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген 20 мыңға жуық қатысушының 14 мыңнан астамы платформаға пікір жазған, бұл өңірдегі қатысушылардың шамамен 75%-ы. Әлеуметтік желілерде оқылған шығармалар туралы 20 мыңнан астам бейнепікір жарияланған. Бұл көрсеткіш бойынша Астана қаласы мен Жамбыл облысы көш бастап тұр – елордада 3 мыңға жуық, Жамбыл облысында 1 699 жарияланым бар. Кеңесте өңір өкілдері оқырмандардың белсенділігін арттыру тәжірибесімен бөлісті.

Ауылдық жерлерде кітап оқу мәдениетін дамытуға, кітаптардың көпшілікке қолжетімді болуына, сондай-ақ марафонға қоғам қайраткерлерін, бизнес өкілдері мен шығармашылық зиялы қауымды тартуға ерекше назар аударылды.

Ұсыныстар қатарында дүкендерде арнайы кітап сөрелерін орналастыру, жазушылармен кездесулер өткізу, әдеби шығармалар желісімен комикстер, кітаптарды таныстыратын трейлерлер мен қысқа бейнероликтер әзірлеу бар. Сондай-ақ «Kitap Talks» өңірлік медиажобасын іске қосып, «Kitap Quiz» зияткерлік ойындарын ұйымдастыру ұсынылды.

«Билет с книгой» бастамасы аясында мәдениет мекемелерінің электронды билеттері мен ақпараттық материалдарына марафон туралы мәлімет пен QR-кодтар орналастыру жоспарланып отыр. Кітап оқуды насихаттау үшін кітапханалардың, жоғары оқу орындарының, өңірлік креативті хабтар мен қоғамдық кеңістіктердің мүмкіндіктерін пайдалану ұсынылды. Бұл жұмыс ауылдар мен шалғай елді мекендерді де қамтуға тиіс.

Кеңес қорытындысында өңірлік жобалық кеңселердің жұмысын үйлестіруді жетілдіру, халықты марафонға кеңінен тарту және оның нәтижелерін жүйелі қадағалау жөніндегі алдағы міндеттер белгіленді.

Көп оқылғандар