Шартарап

Kiryu FM радиосы Димаштың жаңа әнін алғаш рет эфирге шығарады

Сурет: dimashnews.com

30 шілдеде Жапониядағы Kiryu FM радиостанциясы Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған Music Forever бағдарламасының кезекті арнайы шығарылымын ұсынады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бағдарламаның басты жаңалығы – әншінің «Aqerke» атты жаңа композициясы алғаш рет осы радио эфирінде шырқалады.

Kiryu FM 2020 жылдан бері жапон тыңдармандарын Димаштың өнерімен тұрақты түрде таныстырып келеді. Осы уақыт ішінде оның барлық жаңа туындылары эфирден беріліп, бірнеше арнайы бағдарлама дайындалған.

Кезекті Dimash Special шығарылымын Dimash Japan Fan Club жанкүйерлер клубының өкілдері дайындады.

Бағдарламада «Aqerke» әнімен қатар Love’s Not Over Yet, Kieli Meken, Love of Tired Swans, Daididau, Omir және Olimpico композициялары орындалады.

Music Forever бағдарламасы Жапонияның Гумма префектурасындағы Кирю қаласынан жүргізіледі. Оны Казудзи Като мен Кёко Ямамото ұсынады.

Бағдарлама әр айдың бірінші және үшінші бейсенбі күндері Жапония уақыты бойынша сағат 19:06-дан 19:59-ға дейін эфирге шығады. Қайталама көрсетілімі келесі күні сағат 11:06-да ұсынылады.

Ал күнтізбеде бесінші бейсенбі болатын айларда бағдарлама ұжымы тыңдармандарға арнайы музыкалық шығарылым дайындайды.

Көп оқылғандар