Әлем

Кенияда секта жетекшісі 190 баланың өлімі үшін 200 жылға сотталды

Сурет: Reuters

Кенияда «Жақсы хабар» (Good News) сектасының басшысы Пол Маккензи 190 бала мен бір ересек адамның өліміне байланысты 200 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

CNN мәліметінше, Момбаса қаласының Жоғарғы соты үкім шығарды. Сот Маккензиге мәжбүрлі ашығу салдарынан адам өлімі үшін 100 жыл, ал ізбасарларын тікелей өлтіргені үшін тағы 100 жыл тағайындады. Онымен бірге 28 сыбайласы да ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Судья Диана Каведзаның айтуынша, сотталушыларға өлім жазасы қолданылмаған. Себебі мұндай жаза олардың өлім арқылы Исамен қауышамыз деген сенімін күшейтуі мүмкін. Із-түзсіз жоғалған балалардың сүйектерін іздеу жұмыстары жалғасуда. Тірі қалған сотталушылар оларды табуға көмектесуі мүмкін.

Сот барысында айыпталушылардың көбі өкінбеді. Үкім жарияланғанда секта жетекшісі бірнеше рет жымиды.

Қаза тапқан 191 адамның 161-і тоғыз жасқа толмаған балалар. Тағы 22 құрбан 10–13 жаста, бесеуі 14–16 жаста болған. Қалған екі адамның жасы анықталмаған. Сарапшылар 191 адамның 183-і аштықтан қаза тапқанын анықтады: олардың 182-сі бала, біреуі ересек адам. Қалған сегіз бала тұншықтыру немесе ұрып-соғу салдарынан қайтыс болған.

Сотта куәлік берген сектаның аман қалған мүшелерінің айтуынша, ормандағы өлім жағдайлары «Исамен некелесу» деп аталып, қайтыс болғандар «сенім жолындағы батырлар» ретінде сипатталған.

Пол Маккензи 2023 жылдың тамызында дүниенің ақыры келеді деп уағыздаған. Ол көкке жету үшін ізбасарлары ашығуы керек деген сенім таратқан. Сондай-ақ өлімнің өзіндік тәртібі бар екенін айтып, алдымен балалар, кейін жасөспірімдер мен әйелдер, ең соңында ер адамдар көз жұмуы тиіс деп сендірген. Ер адамдар өзгелердің денесін жерлеуге үлгергеннен кейін ғана қайтыс болуы керек деген.

Маккензи ізбасарларын үйлерін тастап, Кенияның шығысындағы Шакахола орманына қоныс аударуға көндірген. Оның айтуынша, орманда ашығу арқылы олар Құдайға жақындап, жұмаққа дайындалуы тиіс болған. Алайда сектаның күзетшілері ізбасарлардың қозғалысын бақылап, ашығу рәсімін тоқтатуына жол бермеген. Қарсылық танытқандар бағынуға мәжбүрленіп, тамақ ішуге немесе қашуға әрекет жасағаны үшін жазаланған.

Маккензи 2023 жылдың сәуірінде құқық қорғау ұйымы секта мүшелерінің қаза тауып жатқаны туралы мәлімдегеннен кейін ұсталды. Полиция операциясы барысында жүздеген таяз қабір табылып, адамдардың сүйектері анықталған. Оған сол жылдың қазан айында ресми айып тағылды.

Секта орналасқан аумақтан бүгінге дейін 400-ден астам адамның мәйіті табылған. Алайда сот үкімі 191 адамның өліміне қатысты шығарылды. Қалған мәйіттерді іздеу жұмыстары жалғасуда. Тергеу нәтижесіне қарай Пол Маккензи мен оның күзетшілеріне қосымша айыптар тағылуы мүмкін.

Айта кетейік, Эбола індеті өршіп тұрған Кенияға Қазақстанның мемлекеттік қызметті цифрландыру моделі таныстырылған болатын.

Көп оқылғандар