Қаржы

Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында мұнай тиеу уақытша тоқтатылды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Энергетика министрлігі Қара теңіздегі қауіпсіздік шараларына байланысты Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында мұнай тиеу уақытша тоқтатылғанын хабарлады. Осыған орай мұнай өндіру көлеміне уақытша түзету енгізілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі уақытта ҚКК теңіз терминалында Қара теңіз акваториясындағы кемелердің, экипаждардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұнай тиеу операциялары уақытша тоқтатылды. Консорциумның барлық өндірістік және техникалық нысандары жарамды жағдайда, штаттық режимде жұмыс істеп тұр және жағдай қалыпқа келген бойда шикізатты қайта тиеуді дереу бастауға дайын.

Құбыр жүйесіне мұнай қабылдауға қойылған шектеулерге байланысты және резервуарлық парктердің шамадан тыс толып кетуіне жол бермеу мақсатында мұнай өндіруші компаниялар тәуліктік өндіру көлемдеріне жоспарлы түрде түзету енгізді. Соның нәтижесінде мұнай өндіру көлемі уақытша төмендеді. Бұл шара технологиялық сипатқа ие және өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Энергетика министрлігі ҚКК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен, кеме иелерімен және салалық мемлекеттік органдармен тұрақты өзара іс-қимыл жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қазақстандық мұнай экспортын әлемдік нарықтарға тұрақты түрде мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіруге қажетті жағдайларды жасау жөнінде үздіксіз консультациялар жүргізілуде.

Көп оқылғандар