Спорт

Испания 16 жылдан кейін әлем чемпионатының финалына шықты

Сурет: Egemen Qazaqstan

Футболдан әлем чемпионатының финалдық кезеңіне алғашқы қатысушы белгілі болды. Испания құрамасы жартылай финалда Францияны 2:0 есебімен жеңіп, араға 16 жыл салып мундиальдің басты ойынына жолдама алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Матч АҚШ-тың Техас штатындағы Арлингтон қаласындағы «Эй-Ти-энд-Ти» стадионында өтті. Төреші Иван Бартон (Сальвадор) француз қорғаушысы Люка Диньдің Ламин Ямалды сүріндіргені үшін пенальти белгіледі. Испания шабуылшысы Микель Оярсабаль бұл мүмкіндікті дәл пайдаланып, есеп ашты. 58-минутта Дани Ольмоның пасынан кейін Педро Порро гол соғып, есепті 2:0-ге жеткізді.

Испания спорт министрі Милагрос Толон ұлттық құраманы финалға шығуымен құттықтап: «Тамаша жеңіс! Біз мундиаль басталмай-ақ финалға ентікпей жететінімізге сенімді болдық. Енді кубокты олжалаймыз», — деді.

Испания құрамасы 2010 жылы әлем чемпионы атанғаннан кейін бұл биікке қайта көтеріле алмаған еді. Қазіргі бас бапкер Луис де ла Фуэнтенің жетекшілігімен команда финалға дейін бар болғаны бір гол өткізіп алды. Қақпашы Унай Симон топтық кезеңде және плей-оффта қақпасын құрғақ сақтап, тек ширек финалда Бельгияға қарсы ойында ғана гол жіберді.

Финалда Испания Англия немесе Аргентина құрамасымен кездеседі.

Көп оқылғандар