Сурет: Egemen Qazaqstan
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Иранның Жолдар және қала құрылысы министрі Фарзане Садек бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде Иран тарапы қажетті рәсімдер аяқталған соң Шахид Раджаи портындағы жер телімін Қазақстанға беретінін мәлімдеді. Сонымен қатар Иран Қазақстанға Чабахар портында жұмыс істеу мүмкіндігін ұсынды. Бұл порт Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына тікелей шығуға жол ашады.
Тараптар көлік дәліздерін дамыту туралы келісімге келді. Фарзане Садектің айтуынша, Захедан – Чабахар теміржол желісінің құрылысы 90 пайыздан астам аяқталған. Нысанды алдағы айларда пайдалануға беру жоспарланып отыр. Теміржол іске қосылғаннан кейін Чабахар порты Үнді мұхитын, Орталық Азияны және Еуропаны байланыстыратын халықаралық теміржол желісіне қосылады.
Өз кезегінде Қазақстан Иран компанияларының Каспий теңізіндегі логистикалық қызметін дамыту үшін Ақтау және Құрық порттарындағы порттық алаңдарды, айлақтар мен терминалдарды ұсыну мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.

