Шартарап

iPhone Duo иелері экран ақауына шағымданды

Сурет: ustin Lokos/X

iPhone Duo смартфонының иелері әлеуметтік желілерде құрылғыны сатып алған соң бірнеше сағат не бірнеше күн ішінде ішкі экранда жарықтар пайда болғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Пайдаланушылардың сөзінше, телефонды ашқанда сықырлаған дыбыс естіледі, содан кейін экранның бүгілу сызығы бойында жарық шығады. Кейбір иелер дисплейде ақ дақтар мен жолақтар да байқалғанын атап өткен.

CNBC мәліметінше, Apple компаниясы ақаудың бар екенін мойындады. Компания бұл мәселе құрылғылардың аз ғана бөлігіне қатысты екенін хабарлаған.

«Біз iPhone Duo құрылғыларының аз бөлігіндегі ішкі дисплейге қатысты мәселе туралы білеміз. Егер пайдаланушыларда осындай ақаулар туындаса, құрылғыны ауыстыру үшін AppleCare қолдау қызметіне жүгінуі керек», деді компания өкілі.

Алайда Apple ақаудың нақты себебін атаған жоқ. Электрониканы зерттеп, жөндеу жөніндегі нұсқаулықтар жариялайтын iFixit платформасының мамандары экранға зақым келтіруге топса механизмінің сынған бөлшегі себеп болуы мүмкін деп болжайды.

Қазақстанда жаңа смартфонға алдын ала тапсырыс қабылдау 23 қазанда басталды, ал құрылғы 30 қазаннан бастап сатылымға шығады. Бағасы: iPhone Duo 256 ГБ – 1,4 млн теңге, 512 ГБ – 1,6 млн теңге, 1 ТБ – 1,8 млн теңге, 2 ТБ – 2,3 млн теңге.

Әлеуметтік желілерде жаңа жиналмалы iPhone Duo смартфонының бағасы қызу талқыланып жатыр. Пайдаланушылар құрылғының 4,5 млн теңгеге дейін сатылып жатқанын байқап, оны ресми сатушылар ұсынған бағамен салыстыра бастады.

Көп оқылғандар