Шартарап

Астанада NUMORI мен Saz&Soul бірлескен концерт қойды

Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада Оңтүстік Кореяның NUMORI тобы мен Қазақстанның Saz&Soul вокалды-аспаптық ұжымы бірлесіп концерт берді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кеште екі елдің дәстүрлі музыкасы заманауи сарында ұсынылды. NUMORI корей музыкасын K-pop, K-rock, электронды музыка және блюз-рок элементтерімен ұштастырған туындыларды орындады. Saz&Soul ұжымы болса ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен ән шырқады.

Бағдарламада «Керім-ау, айдай», «Дудар-ай», «Сырғалым», «Сүгірдің термесі», «Махаббат – мәңгі ертегі» әндері, «Ақжелең», «Сарыжайлау», «Жем суының тасқыны» күйлері және NUMORI репертуарындағы шығармалар болды. «Ариран» корей халық әні домбыра сүйемелдеуімен шырқалды.

Оңтүстік Кореяның өнерпаздары қазақтың «Назқоңыр» халық әнін де орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Концерт Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының халықаралық шығармашылық ынтымақтастықты дамыту және ұлттық музыкалық мұраны дәріптеу бағытындағы жұмысы аясында өтті.

Көп оқылғандар