Сурет: Egemen Qazaqstan
Астанада Республика күніне орай Қазақстан, Ресей және Өзбекстан өнерпаздарының қатысуымен «Pro цирк» қайырымдылық бағдарламасы өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мерекелік қойылымды ерекше қажеттілігі бар балалар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындар тамашалады. Шоу Астана циркінің манежінде ұйымдастырылды.
Үш елдің әртістері акробатика, эквилибристика, жонглерлік және сайқымазақ өнерін ұсынып, цирк жанрларының алуан түрін көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бағдарламаның басты мақсаты – мерекелік көңіл күй сыйлаумен қатар, мәдени іс-шараларды қоғамның барлық мүшесіне қолжетімді ету. Сондықтан қойылымға ерекше қажеттілігі бар балалар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін өзге де санаттағы тұрғындар арнайы шақырылған.
«Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 35 жыл толуына орай бұл күнді қайырымдылық іс-шарасымен атап өтуді жөн көрдік. Біз мәдени іс-шараларға әртүрлі санаттағы азаматтарды шақырып, олардың цирк өнерімен танысуына мүмкіндік жасауға тырысамыз. Осындай бастамалар елорда тұрғындары үшін мәдени іс-шаралардың қолжетімді болуына ықпал етеді деп сенеміз», деді Астана циркінің қоғаммен байланыс және ақпарат бөлімінің басшысы Айнұр Бұлдыбаева.
«Астана қаласының мүгедек балалары қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Нұргүл Жолдығұлова мұндай бастамалардың балалар үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Астана циркі қайырымдылық бастамаларына үнемі қолдау көрсетіп, ерекше балаларға мүмкіндік жасап келеді. Мұндай іс-шаралар балаларымыздың күнделікті ортасынан шығып, қойылым тамашалап, жаңа әсер алуына септігін тигізеді. Бүгін олар уақытын қызықты өткізіп қана қоймай, Республика күнінің мерекелік көңіл күйін сезініп, оның бел ортасында жүрді», деді ол.
Айта кетейік, қоғамның өркениеттілігі ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға, әсіресе балаларға деген көзқарасымен өлшенеді. Олардың денсаулығын сақтау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамға бейімделуіне жағдай жасау – тек ата-аналардың ғана емес, мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.
Мазмұнға өту
