Сурет: Ғылым және жоғары білім министрлігі
13-20 шілде аралығында талапкерлер гранттар конкурсына өтініш бере алады. Құжаттарды жоғары оқу орындарындағы қабылдау орталықтары арқылы офлайн, виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн немесе eGov порталы арқылы онлайн тапсыруға болады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, грант конкурсына қатысу үшін талапкерлер жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, 3х4 көлеміндегі фото, орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері үшін диплом) тапсыруы қажет. Сондай-ақ жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар ұсынылады.
Білім беру гранттары конкурсына қатысу және ақылы негізде оқуға түсу үшін ҰБТ нәтижелері бойынша белгіленген шекті баллдар бар. Жоғары оқу орындары гранттарды тағайындау конкурсына қатысу және ақылы негізде оқуға қабылдау үшін өз шекті баллдарын өздері белгілеуге құқылы.
Ауылдық жерлерден шыққан және әлеуметтік осал топтарға жататын талапкерлерді қолдау мақсатында қабылдау науқаны шеңберінде арнайы шаралар қарастырылған. Гранттар конкурсына қатысу барысында мемлекет бекіткен квоталар бар.
2026 жылы «Цифрлық университет» қағидатын жүзеге асыру жалғасады: үдерістердің басым бөлігі автоматтандырылған, бұл конкурстық іріктеудің ашықтығын арттырады. Білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады. Талапкерлер барлық қажетті құжатты eGov.kz порталы арқылы онлайн түрде 20 шілдеге дейін тапсыра алады.
Мазмұнға өту
