Спорт

Головкин Украинаның «Миротворец» дерекқорына енгізілді

Сурет: Getty Images

Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті, World Boxing ұйымының басшысы Геннадий Головкин Украинаның «Миротворец» дерекқорына енгізілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ақпарат сайт базасында 15 тамызда пайда болды. Оның дерекқорға енгізілуіне World Boxing ұйымының ресейлік боксшыларға қатысты шектеулерді алып тастау туралы шешімі себеп болған.

30 шілдеде халықаралық федерация ресейлік спортшылардың жарыстарға ұлттық туы және әнұранымен қатысуына мүмкіндік беретін өзгерістер енгізді. Осыдан кейін Ресей боксшылары World Boxing қамқорлығындағы халықаралық турнирлерге шығу мүмкіндігіне ие болды.

Айта кетейік, «Миротворец» – Украинада 2014 жылы құрылған интернет-ресурс. Оның базасында Украина ұлттық қауіпсіздігіне қарсы әрекеттерге қатысы бар деп санайтын адамдар туралы ақпарат жарияланады. Оның базасына саясаткерлер, журналистер, спортшылар, өнер адамдары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері енгізілген.

Бұған дейін сайт жеке тұлғалардың деректерін олардың келісімінсіз жариялағаны үшін бірнеше рет сынға ұшыраған. Украина билігі бұл сайттың қызметіне жауапты емес екенін мәлімдеген.

Еске сала кетейік, 15 маусымда Геннадий Головкин ел тарихында алғаш рет Халықаралық бокс Даңқ залына қабылданған спортшы атанды. Осылайша оның есімі Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер мен Мэнни Пакьяо секілді бокстың әйгілі аңыздарымен бір қатарға жайғасты. Сондай-ақ спортшы жуырда ISSA вице-президенті қызметіне кандидат ретінде тіркелді.

Көп оқылғандар