Сурет: Egemen Qazaqstan
Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы рекордтық 50 млн доллар көлемінде сыйақы алады. Бұл туралы ФИФА кеңесінің шешімімен бекітілген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жеңімпаз атанған құраманың футболшылары ұлттық федерациямен жасалған келісімге сәйкес, жүлде қорының 45 пайызын өзара бөліседі. Егер Аргентина немесе Испания құрамасы 19 шілдеде Нью-Йоркте өтетін финалда жеңіске жетсе, әр ойыншы 500 мың доллардан астам сыйақы алуы мүмкін.
Өткен жылдың желтоқсанында ФИФА кеңесі әлем чемпионының сыйақысын 50 млн долларға (шамамен 23,6 млрд теңге) дейін ұлғайтты. Бұл 2022 жылы Қатарда өткен әлем чемпионатындағы жүлдемен салыстырғанда 8 пайызға көп. Ол кезде чемпион атанған Аргентина құрамасы 42 млн доллар алған болатын.
Финалда жеңілген команда 33 млн доллар алады. Бұл жағдайда ойыншыларға бөлінетін үлес 40 пайызды құрайды.
ФИФА кеңесі 2026 жылғы әлем чемпионатына арналған 727 млн доллар көлеміндегі рекордтық қаржылық пакетті бекітті. Бұл 2022 жылғы Қатардағы турнирмен салыстырғанда 50 пайызға көп. Оның ішінде 655 млн доллар турнирге қатысатын 48 құраманың арасында жүлде ретінде бөлінеді. Сонымен қатар, әлем чемпионатына жолдама алған әрбір құрама дайындық шығындарын өтеу үшін 1,5 млн доллар (шамамен 708 млн теңге) алады.
Топтық кезеңнен аса алмаған құрамалар 9 млн доллар, 1/16 финалға шыққан командалар 11 млн доллар, ал 1/8 финалға өткен құрамалар 15 млн доллар иеленеді.
Бұл шешім ФИФА конгресі қарсаңында өткен ұйым кеңесінің отырысында қабылданды. Ұйым президенті Джанни Инфантино жүлде қорының ұлғаюы турнирдің коммерциялық әлеуетінің артуымен байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, 2026 жылғы әлем чемпионаты алғаш рет 48 құраманың қатысуымен өткізіліп, АҚШ, Канада және Мексикада ұйымдастырылады.
Мазмұнға өту
