Сурет: Egemen Qazaqstan
Вьетнамның Фукуок аралы жағалауында туристер мінген жылдам жүретін катер апатқа ұшырап, 15 адам көз жұмды. VnExpress басылымының хабарлауынша, катер Хон Мэй Рут Нгоай аралынан қайтып келе жатқанда жағалаудан шамамен 400 метр қашықтықта басқарудан шығып, аударылған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Борттағы 36 адамның барлығы суға құлаған. Катерде Үндістанның 32 азаматы мен экипаждың төрт мүшесі болған. Оқиға салдарынан 21 адам аман құтқарылып, медициналық мекемелерге жеткізілді.
Куәгерлердің айтуынша, алғашқы болып көмекке маңайдағы туристік кемелердің экипаждары келген. Кейін құтқару жұмыстарына шекарашылар, әскери-теңіз күштері, жағалау күзеті және төтенше жағдай қызметтерінің мамандары жұмылдырылды.
Құтқару операциясын катер ішінде қамалып қалған жолаушылардың болуы қиындатқан. Кейбір зардап шеккендер судан ес-түссіз күйде шығарылғаны айтылды.
Апат кезінде Антхой теңіз айдынында толқын қатты болғанымен, ауа райы жауын-шашынсыз болған. Соған қарамастан өзге туристік кемелер қозғалысын жалғастырған.
Қазіргі уақытта қаза тапқандардың мәйіттері түгел табылып, апаттың нақты себептерін анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр.
Мазмұнға өту
