Сурет: BILD
Франкфурт әуежайының алты қызметкері безгек жұқтырып, олардың бірі көз жұмды. Бұл туралы әуежай операторы Fraport өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Багаж бөлімінде жұмыс істейтін қызметкерлерді Германияға ұшақтың жүк бөлігімен келген безгек тарататын масалар шаққан болуы мүмкін.
Роберт Кох институтының дерегінше, жұқтыру 4-6 шілде аралығында болған. Әуежайдың рұқсаты бар барлық қызметкеріне жоғары температура, қалтырау, бас ауруы сияқты белгілер байқалса, дереу дәрігерге қаралып, әуежай әкімшілігіне хабарлау керектігі ескертілген.
Германияда безгек сирек кездеседі, әдетте тұрғындар безгек таралған елдерге сапар шеккенде жұқтырады. Роберт Кох институтының мәліметінше, Франкфурт әуежайында мұндай жағдай 2023 жылы да тіркелген.
