Сурет: Report
Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) бас операциялық директоры Кевин Ламурдың қызметінен кеткенін ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Федерация мен Ламур арасындағы еңбек қатынастары 2026 жылғы 17 тамызда тоқтатылды. ФИФА өз мәлімдемесінде Кевинге екі жыл бойы атқарған жұмысы үшін алғыс білдіріп, алдағы өміріне сәттілік тіледі.
2026 жылғы әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін ФИФА президенті Джанни Инфантино чемпионатқа қатысты құқықтардың бір бөлігін сыртқы инвесторларға сату жоспарын жария етті. Бұл футбол қауымдастығының наразылығын тудырып, 2030 жылғы әлем чемпионатына бойкот жариялау қаупін күшейтті. Бойкот болуы мүмкін екенін алғашқылардың бірі болып УЕФА мәлімдеді.
Сын-пікірлерден кейін ФИФА бұл жоспардан бас тартты. Алайда Ламур бұған дейін Инфантиноның мәмілені дайындау барысында ашықтық танытпауы салдарынан федерация қызметкерлері «адастырылды» деп мәлімдеген болатын. Ламурдың Инфантиноны сынауы оның қызметінен босатылуына себеп болуы мүмкін.
Бұған дейін Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы (УЕФА) және оған мүше 55 ұлттық федерация ФИФА әлем чемпионатының коммерциялық құқықтарын жеке инвесторларға беру жоспарынан бас тартпаса, ұйымның турнирлеріне бойкот жариялайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, ФИФА президенті сайлауында Инфантиноның әзірге қарсыласы жоқ. Оны 200-ден астам ұлттық футбол федерациясы қолдап отыр. Джанни Инфантино 2027 жылы өтетін ФИФА президенті сайлауындағы әзірге жалғыз кандидат болып қалды.
Мазмұнға өту
