Сурет: Egemen Qazaqstan
Қазақстанда «е-Ымдау» атты ым-ишарат тілінің бейне сөздігі іске қосылды. Бұл цифрлық ресурс есту қабілеті бұзылған балалар мен ересектердің білім алуына, қарым-қатынас жасауына және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жобаны Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Арнайы және инклюзивті білімді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірледі. Министрліктің мәліметінше, «е-Ымдау» сөздер мен ұғымдарды ым-ишарат арқылы көрсететін интерактивті деректер базасына негізделген. Автоматтандырылған іздеу жүйесі пайдаланушыларға қажетті сөзді тез тауып, оның дұрыс ым-ишараттық нұсқасын көруге мүмкіндік береді.
Бейне сөздік қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Қосымшаны App Store-дан жүктеуге немесе Арнайы және инклюзивті білімді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының сайты арқылы онлайн пайдалануға болады.
«е-Ымдау» сөздігі 21 лексикалық тақырыпты қамтиды. Бұл есту қабілеті бұзылған азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін кеңейтіп, ым-ишарат тілін үйренуді жеңілдетеді және инклюзивті білім сапасын арттырады. Жоба ерекше білім қажеттілігі бар адамдардың сапалы білім алуына және қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасайды.

