Спорт

Ерлан Қарин Астанадағы WTT Star Contender турнирінің жеңімпаздарын марапаттады

Сурет: Видеодан скрин

Астанада тұңғыш рет ұйымдастырылған үстел теннисінен WTT Star Contender санатындағы халықаралық турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне Вице-президент Ерлан Қарин қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жарыс Қазақстан Республикасы Президентінің Ашық Кубогы аясында өтті. Оған әлемнің 29 елінен 160 спортшы қатысты.

— Осы күндері еліміз үстел теннисінен кезекті халықаралық ірі турнирді қабылдады. Астанада тұңғыш рет WTT Star Contender санатындағы дода ұйымдастырылды. Жарыс Қазақстан Республикасы Президентінің Ашық Кубогы аясында өтті, — деп жазды Ерлан Қарин.

Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі жазбасында финалдық ойындарды тамашалап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне қатысқаны туралы жариялады.

— Мұндай ауқымды турнирді елімізде өткізудің маңызы зор. Біріншіден, бұл жастарды спортқа ынталандырып, тенниске деген қызығушылығын арттырады, — деді Вице-президент.

Ерлан Қарин бұл жарыстың 2027 жылы Қазақстанда өтетін үстел теннисінен әлем чемпионаты қарсаңында маңызды екенін атап өтті.

— Бүгінгі турнир әлем біріншілігі алдындағы өз алдына бір дайындық іспетті. Қазақстан үстел теннисінен жаһан чемпионатын қабылдайтын Орталық Азиядағы алғашқы ел болмақ, — деді Вице-президент.

Айта кетейік, елімізде үстел теннисінен Қазақстан Президентінің ашық кубогі 15-20 қыркүйек аралығында елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) президенті Петра Сёрлингті қабылдады.

Көп оқылғандар