Шартарап

Еріктілер «Болашақ ойындары – 2026» турнирінің басты тірегіне айналды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Келесі апта ортасында Астанада «Болашақ ойындары – 2026» (GOTF 2026) жарысы басталады. Дәстүрлі спорт пен киберспортты фиджитал форматта біріктіретін іс-шараға әлемнің 35-тен астам елінен 900-ге жуық спортшы қатысады деп жоспарланған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мұндай ауқымды халықаралық шараны ұйымдастыруда волонтерлердің рөлі ерекше. Ерікті болуға ниет білдіргендерден 1 400-ден астам өтініш келіп түскен. Үміткерлерге қойылған негізгі талаптар: жасы 16-дан кем болмауы, шет тілін B1-B2 және одан жоғары деңгейде білуі, командада жұмыс істей алуы және әртүрлі жағдайға тез бейімделуі.

Іріктеу нәтижесінде 1 000 үміткерден тұратын қорытынды пул құрылды. Оның 800-і негізгі жұмыс құрамына тартылып, қалғандары резервке енгізілді. Еріктілер жарысты ұйымдастыру ерекшеліктерімен танысып, өз бағыттары бойынша дайындықтан өтті.

Волонтерлер үшін қажетті жағдайлар жасалды. Ауысым кезінде тамақтану, бейдж арқылы қоғамдық көлікте тегін жүру, түнгі ауысымнан кейін тасымалдау, жазатайым оқиғалардан сақтандыру, нысандардағы арнайы штабтар мен демалыс аймақтары қарастырылған. Сондай-ақ еріктілер ауызсу, ыстық сусындар, теледидарлар және PlayStation консольдерімен қамтамасыз етіледі.

Бағдарламаға әртүрлі жастағы адамдар қатысуда. Ең жас волонтер – 16 жаста, ал ең үлкені – 70 жаста. Бұл халықаралық деңгейдегі ірі спорттық оқиғаның бір бөлігі болуға деген ұмтылыстың жасқа қарамайтынын көрсетеді.

Жарыс басталғанға дейін әр волонтер арнайы оқыту курсынан өтеді. Бағдарлама барысында олар халықаралық сервис стандарттарын, спортшылармен, ресми делегациялармен, БАҚ өкілдерімен және жанкүйерлермен жұмыс істеу ерекшеліктерін меңгереді.

Турнир кезінде еріктілер 16 функционалдық бағытта қызмет атқарады. Олар қатысушыларды әуежайдан қарсы алып, аккредиттеуден өтуге көмектеседі, ресми делегацияларды сүйемелдейді, көлік логистикасын үйлестіруге қатысады. Сондай-ақ медициналық қызметтер мен баспасөз орталығының жұмысына қолдау көрсетіп, ашылу және жабылу салтанаттарын ұйымдастыруға атсалысады. Бұдан бөлек, спорт ареналары мен көрермендер аймақтарында да қызмет етеді.

Еріктілер алғашқы жарыс басталмай тұрып-ақ жұмысқа кірісіп, турнир толық аяқталғанға дейін көмек көрсетеді. Олар қонақтарды алғаш болып қарсы алып, спортшыларға қолдау танытады, мыңдаған көрерменге бағыт-бағдар береді және барлық қызметтің үйлесімді жұмыс істеуіне ықпал етеді. Осылайша, волонтерлер «Болашақ ойындары – 2026» турнирінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына, қонақжайлылық пен ашықтық атмосферасының қалыптасуына және халықаралық спорттық іс-шараның табысты өтуіне елеулі үлес қосады.

«Болашақ ойындары – 2026» аяқталғаннан кейін бағдарламаға қатысқан әр волонтерге халықаралық үлгідегі волонтерлік сертификат пен турнирдің арнайы брендтік естелік сыйлықтары тапсырылады.

Көп оқылғандар