Спорт

Ербол Мырзабосынов: «Болашақ ойындары» спорт пен технологияны тоғыстырады

Сурет: Туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары 2026» халықаралық турнирі аясындағы фиджитал-футбол жарысын тамашалап, отандық командаларға қолдау білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Министр турнирдің Қазақстан үшін маңызына тоқталып, «Болашақ ойындарының» спорт пен цифрлық технологияларды біріктіретінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылында бұл турнирдің өтуінің мәні ерекше. «Болашақ ойындары» спорт пен заманауи технологияларды біріктіріп, еліміздің инновациялық даму бағытын айқын көрсетеді», деді Ербол Мырзабосынов.

Оның айтуынша, жарысқа деген халықаралық қызығушылық жоғары. Турнир трансляцияларын көру саны 185 миллионға жеткен. Жарыстар 16 тілде көрсетіліп, ондаған халықаралық медиасеріктестік пен 100-ден астам стример ақпарат таратып жатыр.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада жалауын көтерген «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің ашылу салтанатында сөйлеп, бұл жарыс елдер арасындағы достықты нығайтатын маңызды тарихи оқиға екенін атап өткен болатын.

Көп оқылғандар