Сурет: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен ведомствоның кеңейтілген отырысы өтті. Онда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызмет қорытындылары талқыланып, жыл соңына дейінгі міндеттер белгіленді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, жиынға ведомство қызметкерлері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, комитеттер мен бағынысты ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Отырысты ашқан Асқарбек Ертаев министрліктің мемлекеттік әлеуметтік саясатты іске асыруды жалғастырып, азаматтар алдындағы міндеттемелерді уақтылы орындап жатқанын атап өтті.
– 2026 жылы әлеуметтік төлемдерге 6,8 трлн теңге қарастырылған. Бірінші жартыжылдықта 4,6 млн адам зейнетақы және жәрдемақымен қамтылып, оларға 3,3 трлн теңге төленді. Біздің міндетіміз – әлеуметтік төлемдердің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халықты әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін арттыру, – деді министр.
Жиында халықты жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Министрдің айтуынша, жылдық жұмыспен қамту жоспары 548 мың адамды құрайды. Бірінші жартыжылдықта шамамен 250 мың адам жұмысқа орналастырылды, бұл жоспардың 46%-ы. Сонымен қатар қосымша шаралар аясында 245 мыңнан астам азамат қолдау алды. Жұмыс іздеуде қиындықтарға тап болғандарға атаулы жұмыспен қамту шаралары арқылы көмек көрсетілуде.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев азаматтардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету нәтижелері туралы баяндады. Ол мемлекеттік еңбек инспекциясы еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету бойынша жұмысты жүйелі түрде күшейтіп келе жатқанын атап өтті.
– Биылғы жылдың алты айында мемлекеттік еңбек инспекторлары 3 607 тексеру жүргізді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,6%-ға көп. Бақылау барысында еңбек заңнамасының 4 мыңнан астам бұзушылығы анықталып, жұмыс берушілерге 2,3 мыңнан астам міндетті нұсқама берілді, сондай-ақ әкімшілік шаралар қабылданды, – деді Ербол Тұяқбаев.
Мазмұнға өту
