Қаржы

Энергетика нысандары қысқа дайын ба, жөндеу жұмыстары қалай жүруде

Сурет: Руслан Мұхамедияров/Kazinform

Қазақстанда алдағы жылыту маусымына дайындық аяқталуға жақын. Электр станцияларында 50 негізгі жабдық күрделі жөндеуден өтіп, 17 мың шақырымнан астам электр беру желісі жаңартылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл мәселе Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті жанындағы Республикалық штабтың кезекті отырысында талқыланды.

Жаз бойы энергетика нысандарында ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта электр станцияларындағы 4 энергия блогы, 28 қазандық және 18 турбина толық жөнделген. Ал 3 энергия блогы, 26 қазандық және 21 турбинада жөндеу жұмыстары әлі жалғасуда.

Жылу желілерін дайындау бойынша жоспарланған 377 шақырымның 334 шақырымында, яғни 88,6%-ында жұмыстар аяқталды.

— Электр желілерінде де негізгі жұмыс көлемі орындалды. Жылыту маусымына дайындық жоспарына сәйкес 17 мың шақырымнан астам электр беру желісі күрделі жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, 444 қосалқы станцияның 426-сы және 3408 тарату және трансформаторлық пункттің 3385-і дайындалды, — деп хабарлады ведомство.

Осылайша, жылыту маусымын бастауға қажетті станциялық жабдықтардың негізгі құрамы қалыптасты. Энергетикалық нысандарда отынның нормативтік қоры да қамтамасыз етілген.

— Жылыту маусымына дайындық жоспарлы режимде жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарының негізгі көлемі орындалды. Қазіргі уақытта қалған іс-шараларды аяқтап, жабдықтар мен желілердің дайындығын қамтамасыз ету, сондай-ақ дайындық паспорттарын алу үшін құжаттарды уақтылы тапсыру қажет, — деді Комитет төрағасы Ержан Ертаев.

Отырыста ерекше бақылаудағы нысандардың дайындығына жеке назар аударылып, нақты міндеттер мен мерзімдер белгіленді.

Өңірлік штабтарға қалған жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтап, қажетті материалдар мен жабдықтардың жеткізілуін және персоналдың толық жұмылдырылуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Бұған дейін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге энергия нысандарының қыс мезгіліне дайындығын бағалау жөніндегі комиссиялардың жұмысына тікелей қатысуды тапсырған еді.

Көп оқылғандар