Әлем

Энергетика министрлігі КҚК маңындағы дрон шабуылына түсініктеме берді

Сурет: istockphoto.com

Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалында танкерлерге жасалған дрон шабуылдарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

КҚК дерегінше, Мәскеу уақытымен сағат 01:48-де Маршалл аралдарының туы астында жүзетін NIFFOS SIFNOS танкері шабуылға ұшыраған. «Теңізшевройл» ЖШС жөнелткен мұнайды тиеп жатқан кеме КҚК-ның ВПУ-3 қалқымалы айлағында тұрған.

Сонымен қатар КҚК теңіз терминалынан шамамен 6 теңіз милі қашықтықта Мэн аралының туы астында жүзетін MARATHI танкері де шабуылға ұшырады. Бұл кеме теңіз терминалына мұнай қабылдау үшін бет алған.

Министрліктің хабарлауынша, дрон шабуылы қаупіне байланысты КҚК мұнай тиеу жұмыстарын алдын ала тоқтатқан.

«Алдын ала мәлімет бойынша экипаж мүшелері арасында зардап шеккендер жоқ, мұнайдың теңізге төгілуіне жол берілмеген. Шабуыл салдарынан шыққан өрт КҚК-ның үш буксирінің көмегімен сөндірілген. Жағдай тұрақты бақылауда», делінген хабарламада.

Айта кетейік, шілде айында КҚК теңіз терминалы бірнеше рет дрон шабуылдарына ұшырады. 17 шілдеде Nordic Zenith мұнай танкеріне соққы жасалса, 19 шілдеде Қазақстан мұнайын тасымалдаған тағы екі танкерге шабуыл жасалды.

Осы оқиғалардан кейін теңіз терминалында мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Сыртқы істер министрлігі КҚК арқылы мұнай тасымалдайтын кемелерге жасалған шабуылдарды айыптап, оларды елдің экономикалық мүдделеріне төнген қауіп ретінде бағалады.

27 шілдеде Каспий құбыр консорциумы жүк жөнелтушілерден қайта мұнай қабылдай бастағанын және оны Новороссийск портындағы теңіз терминалы арқылы жөнелтетінін мәлімдеді.

Көп оқылғандар