Сурет: Ақорда
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанмен ынтымақтастықтың барлық салада қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, Қазақстан Тәжікстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің қатарына кіреді. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 1 миллиард доллардан асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 26 пайызға өсті.
– Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы тауар айналымының көлемі 1 миллиард доллардан асты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 26 пайызға жоғары. Инвестициялық ықпалдастық дәйекті түрде дамып келеді. Бүгінде Тәжікстанда Қазақстан капиталының қатысуымен 130-дан аса кәсіпорын тіркелген. Ал Қазақстанда тәжік тарапының 580-нен астам кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың 500-і толығымен тәжік капиталының қатысуы арқылы еңбек етеді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымызда да оң динамика сақталып отыр. Мәдени, білім беру және академиялық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Біздің қазіргі міндетіміз – стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынасты тың нәтижелерге ұластыру. Жоғары деңгейдегі уағдаластықтардың тыңғылықты іске асырылуына қолдау көрсетуіміз қажет. Бүгінгі келіссөзіміз барлық бағыттағы ықпалдастықты одан әрі дамытудың нақты қадамдарын айқындайды, – деді Эмомали Рахмон.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, өнеркәсіп және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Мазмұнға өту
