Сурет: Никита Басов
Бүгін ескекші ағайынды Тимофей мен Сергей Емельяновтар Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды. Жарыстан кейін спортшылар өз өнерлері туралы пікір білдіріп, қарсыластар деңгейі мен алдағы жоспарларын айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Әңгімені ағайындылардың үлкені Тимофей бастады. Ол Азиададағы жарыстың оңай болмағанын атап өтті.
«Біз үшін жарыс оңай болған жоқ. Біз әрдайым алдымызға мақсат қоямыз. Алтын медаль алуды көздейміз. Оның үстіне, мен үшін бұл – бесінші Азия ойындары. Бұл жарыстың ел үшін де, өзіміз бен жақындарымыз үшін де қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Әрине, алтын медаль алғымыз келді. Дегенмен жүлдесіз қалғаннан гөрі қола жүлде алғанның өзі жақсы. Үштің өзі күш дейді ғой. Бүгін қолымнан келгеннің бәрін жасадым», деді ол.
Сергей Емельянов Азиададағы қарсыластарының мықты болғанын айтты.
«Қазір жер-жүзінде бәсеке өте күшті. Ешкім бір орында тұрған жоқ. Барлық ел қимыл-қозғалыста. Олимпиада, Азиада сияқты кешенді додалардан елдеріне жүлдесіз қайтқысы келмейді. Мұнда Қытайдың Олимпиада чемпиондары да, Өзбекстан құрамасының әлем чемпиондары да бар. Соған қарамастан бар күшімізді салдық. Тимофей екеуміз үш жыл бойы екілікте бірге жарысқан жоқпыз. Өйткені ағам жаттықтырушылық қызметке ауысқан кезде біраз уақыт үзіліс болды. Бұл біздің үш жыл ішіндегі осы қашықтықтағы екінші жарысымыз», деді спортшы.
Сонымен қатар ол ағасы екеуі бір-бірін жақсы түсінетінін, жаттығу мен жарыста, күнделікті өмірде де үнемі тіл табысып жүретінін атап өтті.
«Ағам екеуміз әрдайым бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Кейде ренжісіп қалсақ та, тез татуласамыз. Егер бірдеңе болып жатса, ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы болып жүрген үлкен ағамыз келеді де: «Болды, қойыңдар, тыныш!», деп сабырға шақырады. Біз де оның айтқанын тыңдаймыз», деді Сергей.
Ағайынды спортшылар алдағы жоспарлары туралы сөз қозғады. Тимофей Емельянов халықаралық жарыстардағы спорттық мансабын аяқтап, толығымен жаттықтырушылық қызметке көңіл бөлуді жоспарлап отырғанын айтты. Ал Сергей Емельянов жарыстарын жалғастырады. Ол 26 қыркүйекте Азия ойындарында аралас командалық бәсекеге қатысады.
Бүгін ерлер арасындағы 500 метрлік каноэ-екілік сайысының финалында Тимофей Емельянов інісі Сергей Емельянов екеуі мәреге үшінші болып жетіп, қола медаль иеленді. Ал оған дейін ескекшілер Владислав Яковлев пен Иван Чернухин алтын жүлде алса, Ольга Шмелева мен Татьяна Токарницкая күміс медаль жеңіп алған болатын. Осылайша, Қазақстан құрамасы қысқа уақытта есу спортынан бірден үш жүлдеге ие болды. Бұл нәтижелердің маңызын арттыра түсетін тағы бір жайт – бұған дейінгі жазғы Азия ойындарында Қазақстан осы есу дисциплиналарында бірде-бір медаль иеленбеген еді.
