Categories Шартарап

Елордада Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Күй жәрмеңкесі» өтті

Сурет: Egemen Qazaqstan

Ұлттық домбыра күні мен күй анасы Дина Нұрпейісованың 165 жылдық мерейтойына орай елордада X дәстүрлі «Күй жәрмеңкесі» өтті. Дина Нұрпейісова ескерткішінің алдында ұйымдастырылған мәдени-рухани басқосу ұлттық мұраны ұлықтап, күй өнерінің өміршеңдігін тағы бір мәрте айшықтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мерекелік жиын қазақ күй өнерінің саңлағына тағзым жасаудан басталды. Жиналған қауым ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан дара тұлғаның рухына құрмет көрсетті. Артынша ашық форматтағы күй додасы басталып, сахна төрінде тәжірибелі орындаушылармен қатар, өнер жолына енді қадам басқан жас домбырашылар да бақ сынады. Байқаудың басты ерекшелігі – қатысуға ниет білдірген әрбір талапкерге мүмкіндік берілуінде. Мұндай еркін алаң жас таланттардың өз қабілетін көпшілік алдында шыңдауына жол ашты.

«Unique Child» дарынды балалар өнер мектебінің оқушысы Айару Омарова бұл жолы Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін орындады. Жас орындаушы шығарманы таңдауының себебін оның нәзік табиғатымен байланыстырды.

«Бұл күйдің әуені көңілге ерекше жақын. Саусақпен шертілген әрбір дыбыс жүрекке жылы сезім сыйлайды. Домбыра қолыма тиген сайын өзімді еркін сезінемін. Сондықтан дәл осы туындыны көпшілікке жеткізгім келді», дейді ол.

Күй тартысының қорытындысында бас жүлде Мәдениет қайраткері Бақытжан Дүйсенғазиевке бұйырды. Жүлделі орындарды иеленген жас күйшілер де көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, ұлттық өнердің лайықты ізбасарлары өсіп келе жатқанын дәлелдеді.

Мәдени іс-шара аясында Дина Нұрпейісованың шығармашылық мұрасын жаңа қырынан таныстыратын «Ғасыр саңлағы» кітабының таныстырылымы өтті. Басылымдағы QR-код арқылы оқырман күй анасының өз орындауындағы шығармаларды тыңдай алады. Осылайша, дәстүрлі өнер заманауи технологиямен сабақтасып, ұлттық құндылықты насихаттаудың жаңа мүмкіндігіне жол ашылды.

«Күй жәрмеңкесі» – жеңімпазды анықтайтын байқау ғана емес, ұлттың рухани жадын жаңғыртып, домбыраның қасиетті үнін келер ұрпаққа аманаттайтын тағылымды алаң. Дина Нұрпейісова мұрасы бүгінгі буынның орындауында қайта түлеп, қазақ күйінің мәңгілік өнер екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ұқсас жазбалар

Алакөлге 2026 жылы 2 миллион турист келеді деп күтілуде

Алакөл Қазақстандағы ең танымал туристік бағыттардың біріне айналды. 2026 жылы өңірге рекордтық 2 миллион турист…

Танымал тревел-блогер Иван Червинский Қазақстан азаматтығын алды

Ресейлік тревел-блогер Иван Червинский Қазақстан азаматтығын алғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі видеосы арқылы…

Биыл Алакөлге 2 миллион турист келеді деп күтілуде

2026 жылы Алакөлге рекордтық 2 миллион турист келеді деп күтіледі. Көлдің минералды суы мен табиғаты…