Қаржы

Елімізде банкаралық QR төлем жүйесі енгізіледі

Сурет: pixabay

ҚР Ұлттық банкі 18 шілдеде қолданысқа енетін банкаралық QR төлем жүйесінің мақсаты мен артықшылықтарын түсіндірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық банктің мәліметінше, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға енгізілген түзетулер аясында халыққа бөлшек төлем қызметін көрсететін барлық банк банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне қосылуы тиіс.

Бұл түзетулер 2026 жылғы 18 шілдеден бастап күшіне енеді. Банктер өз жүйелерін техникалық тұрғыдан жетілдіріп, сынақтан өткізуді аяқтап, осы мерзімге дейін жүйеге қосылуды қамтамасыз етуі қажет.

Банкаралық QR-төлемдерді енгізудің негізгі мақсаты — түрлі банк клиенттеріне төлемдерді бірыңғай инфрақұрылым арқылы қабылдауға мүмкіндік беру. Бұл сауда кәсіпорындарының бірнеше техникалық шешімге тәуелділігін азайтып, сатып алушылар қатарын кеңейтеді. Алайда терминалдар санын кәсіпкер өз қалауы мен банктердің қызмет көрсету шарттарына қарай шешеді. Технологиялық тұрғыдан банкаралық QR жүйесі әртүрлі банк клиенттерінің төлемдерін бірыңғай арна арқылы қабылдауға жол ашып, болашақта бірнеше терминалды қатар ұстау қажеттілігін азайтады.

Көп оқылғандар