Categories Спорт

Елена Рыбакина Уимблдонда бельгиялық теннисшіден жеңіліп, жарысты мерзімінен бұрын аяқтады

Сурет: Sports.kz

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінде жарысты мерзімінен бұрын аяқтады. Теннисші турнирдің үшінші айналымында Элизе Мертенспен кездесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Әлемдік рейтингте 27-орында тұрған бельгиялық спортшыға қарсы матчта Рыбакина айқын фаворит саналғанымен, екі сетте 6:7, 1:6 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша, әлемнің 2-ші ракеткасы саналатын Елена Рыбакина Уимблдон-2026 турниріндегі өнерін үшінші айналымда аяқтады.

Елена Рыбакина WTA чемпиондық рейтингінде үшінші орнын сақтап қалды. Елена турнирдің осы кезеңіне қатысқаны үшін 214 082 еуро табыс тапты. Сондай-ақ ол 130 рейтингтік ұпайға ие болады.

X әлеуметтік желісіндегі танымал «The Tennis Letter» аккаунты сенсациялық нәтижеге тез арада пікір білдірді.

«Неткен тосын нәтиже. Әлемнің екінші ракеткасы жарыстан шығып қалды. Элизе Мертенс Уимблдон-2022 чемпионын екі сетте жеңді. Осы матчқа дейінгі жеке кездесулердің есебі 7:1 болып, Еленаның пайдасында еді. Мертенстің әр ұпай үшін жан аямай күресетін мінезіне құрметпен қарамау мүмкін емес. Ол қатарынан екінші жыл Уимблдонның 1/8 финалына шықты. Бұл – оның әлемнің үздік ондығындағы теннисшіге қарсы 14-жеңісі. Ол расында да фавориттердің басты қарсыласы», делінген жазбада.

Елена Рыбакина Лондон турнирінен кейін Instagram парақшасын өшірді. Еске сала кетейік, бұған дейін Елена Рыбакина Франция ашық чемпионатындағы екінші айналымында украиналық Юлия Стародубцеваға есе жіберген болатын.

Ұқсас жазбалар

Азия чемпионатында қазақ балуан қыздары бес медаль жеңіп алды

Таиландтың Паттайя қаласында өткен Азия чемпионатында қазақстандық балуан қыздары 2 күміс және 3 қола медаль…

Пиренейлік қос команда келесі кезеңге өтті

Испания мен Аустрия арасындағы матчта испандықтар 3:0 есебімен жеңіске жетті. Португалия Хорватияны 2:1 есебімен ұтты.…

Аргентина құрамасы қосымша уақыттағы автоголмен 1/8 финалға шықты

Аргентина құрамасы әлем чемпионатының 1/16 финалында Кабо-Верде командасын 3:2 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.