Сурет: Тимур Дүйсекеев/Kazinform
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Уимблдон турнирі қарсаңында әлемнің бірінші ракеткасы атану мүмкіндігі жайлы айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Лондондағы баспасөз мәслихатында Рыбакина әлемдік рейтингте көш бастау керемет нәтиже болатынын, алайда бұл туралы көп ойланбайтынын жеткізді. Ол осыған дейінгі ойын нәтижелері көңілдегідей болмағанын, қазір әр матчтан келесісіне сенімді қадам басу маңызды екенін атап өтті.
— Бірақ шынымды айтсам, бұл туралы көп ойланбаймын. Өйткені осыған дейінгі ойын нәтижелері көңілдегідей болған жоқ. Қазіргі кезде мен үшін әр матчтан келесісіне сенімді қадам басу маңызды, — деді ол.
2022 жылғы Уимблдон чемпионы көгалдағы маусымға дайындық барысында дене дайындығы мен кортқа бейімделуге басымдық берілгенін айтты. Ол көгалдағы кортта алғашқы соққыдан белсенді болып, ойын тізгінін қолға алу маңызды екенін, бұған дайындалу үшін көп жұмыс істегендерін жеткізді.
Рыбакина 2022 жылғы Уимблдон жеңісін күтпегенін, бұл табыс оған күтпеген жерден келгенін айтты. Ол ширек және жартылай финалда мазасыз күйге түскенін, ұйықтау қиынға соққанын, бірақ бәрін жеңіп, титулды жеңіп алғанына мақтанатынын білдірді. Қазір мұндай жағдайларды сабырлы қабылдауға үйренгенін атап өтті.
Теннисші бейнеталдау жаттығу үдерісінің маңызды бөлігі екенін айтты. Ол өзі жақсы ойнаған сәттердің бейнежазбаларын қайта қарайтынын, бұл тиімді ойын шешімдерін табуға көмектесетінін жеткізді.
Әлемнің екінші ракеткасы Уимблдонның бірінші айналымында WTA рейтингінде 154-орында тұрған 23 жастағы франциялық Лоис Буассонмен кездеседі. Буассон 2025 жылы Ролан Гарроста жартылай финалға жетіп, әлемдік рейтингте алғашқы ондықтағы Мирра Андреева мен Джессика Пегуланы жеңген. Сондай-ақ ол Гамбургте WTA жарысында алғашқы титулын жеңіп, маусымды 36-орынмен аяқтады.

