Сурет: Egemen Qazaqstan
Еліміздің бір топ спортшысы допинг қолданғаны үшін үлкен спорттан шеттетілді. Бұл туралы республикалық допингке қарсы орталығының ресми сайтында хабарланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жазаға ұшырағандар қатарында ауыр атлеттер Анастасия Антропова, Вячеслав Корщиков, Тұңғат Жуат, әйелдер күресі өкілдері Мадхия Усманова, Диана Асылбекова, еркін күрес шеберлері Мирас Сұлтанбек, Әлибек Әбдіқасымов, пара-пауэрлифтингшілер Әйгерім Айдарқызы, Камиль Хузиахметов, спорттық гимнастшы Арина Лебедева, дзюдошы Ержан Еренғайыпов, таеквондошы Хальзальпер Ромашкин, джитсер Айкүміс Әбжанова, грек-рим күресі шебері Ерзат Ерланов бар.
Аталған спортшылардың көбі халықаралық жарыстарда жүлдегер атанған. Мадхия Усманованың болашағы ерекше алаңдатады. Ол былтыр шілде айының соңғы күні Афинадағы жасөспірімдердің әлем біріншілігінде алтын медаль жеңіп алған еді. Елімізде әйелдер күресінен әлем чемпиондары санаулы екенін ескерсек, бұл жетістіктің маңызы зор. Допингке қарсы орталықтың сайтында Усманованың 2025 жылдың 13 қазанынан 2029 жылдың 12 қазанына дейін үлкен спорттан шеттетілгені жарияланды. Осыған орай, Біріккен күрес әлемі (United World Wrestling) ұйымы оны әлем чемпионы атағынан айыруы тиіс.

