Шартарап

Димаштың әндері Мексикадағы FIFA Fan Fest фестивалінде орындалды

Сурет: dimashnews.com

2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты аясында Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы Сапопан қаласында (Халиско штаты) өткен FIFA Fan Fest фестивалінде кеңінен насихатталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

FIFA ұйымы мен штат үкіметі бірлесіп ұйымдастырған бұл ресми жанкүйерлер алаңы әлем чемпионатының ең ірі мәдени-спорттық кеңістіктерінің бірі болып саналады. Мұнда алып экрандар арқылы матчтар көрсетіліп қана қоймай, музыкалық концерттер, фольклорлық бағдарламалар, гастрономиялық және интерактивті алаңдар мен Мексиканың мәдени дәстүрлерін таныстыратын түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.

Фестивальдің мәдени бағдарламасына қатысушылардың бірі – 13 жастағы мексикалық жас орындаушы Анхель Херардо Коваррубиас Кабрера (Angeloo). Оның айтуынша, ол Димаш Құдайбергеннің шығармашылығымен он жасында танысып, әншінің ерекше вокалдық шеберлігімен қатар, өнері арқылы адамзатқа жолдайтын рухани-адамгершілік құндылықтарынан ерекше шабыт алған.

2025 жылы Angeloo испан тілінде орындаған SOS әнімен La Voz Zapopan de los Niños y las Niñas байқауының жеңімпазы атанып, осы жетістігінің нәтижесінде FIFA Fan Fest сахнасында өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Екі мыңнан астам көрермен жиналған концертте ол Димаштың Diva Dance, Sinful Passion және When I’ve Got You композицияларын орындады. Жас әншінің өнер көрсетуіне Dears Jalisco Mexico фан-клубының мүшелері қолдау білдірді.

Димаштың өнері арқылы жеткізілетін ізгі идеяларды көпшілікке насихаттау мен үшін зор қуаныш. Мен оның шығармашылығымен барынша көп адамның танысқанын қалаймын. Бір күні өзімен жүздесіп, өмірімді өзгерткені, шабыт сыйлағаны үшін алғыс айту – менің ең үлкен арманым, – деп өз ойымен бөлісті Angeloo.

Көп оқылғандар