Сурет: Egemen Qazaqstan
Әнші Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өткен концертіне дайындықты баяндайтын деректі фильмнің трейлерін жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«Димаш Құдайбергеннің арманы: Қошеметке дейін» (Before The Applause: The Dream of Dimash Qudaibergen) атты фильм өнер иесінің әлемдегі ең беделді концерт алаңдарының бірінде өнер көрсетуге дейінгі жолын көрсетеді.
Фильмнің анонсын әнші әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Трейлер сипаттамасында: «Madison Square Garden аренасындағы бір түн. Дауыс шырқалар алдындағы тыныштық. Репетиция залдарынан бастап әлемдегі ең үлкен сахналардың біріне дейін жалғасқан көпжылдық еңбектің нәтижесі болған сәт», делінген.
Деректі фильм көрермендерге Димаштың үлкен сахнаға дейінгі дайындығы мен шығармашылық жолының маңызды кезеңдерін жақынырақ таныстыруды мақсат етеді.

