Сурет: Sports.kz
Scout in Eurasia аккаунты Дастан Сәтпаевтың «Челсидегі» болашағына қатысты пікір білдірді. Лондондық клубтың маусым алдындағы матчтарында ойын уақытының шектеулі болуына байланысты футболшының командада қалу-қалмауы мәселесі талқыланып жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«Миланға» қарсы матчта (3:0) Дастан алаңға шыққан жоқ. Ал малайзиялық «Джохор Дарул Тазиммен» кездесуде ол ойынның соңғы минуттарында ғана алаңға қосылды.
«Дастан Сәтпаев «Миланға» қарсы матчта ойнамағандықтан, барлығы оның «Джохорға» қарсы кездесуде негізгі құрамда шығуын күтті. Алайда ол небәрі үш минут, оған қоса қосылған төрт минут уақыт ойнады. Егер оны осылай атауға болса, ол «пре-ассист» жасады деуге болады. Бұл оның жалға берілетінін білдіре ме? Әбден мүмкін. Әсіресе оның «Халл Сити» немесе «Страсбурға» ауысуы мүмкін деген қауесеттерді ескерсек. Алда «Реал Сосьедадқа» қарсы тағы бір матч бар. Осы кездесуден кейін оны командада қалдыру-қалдырмау туралы шешім қабылданады», деп жазды Scout in Eurasia.
Дастан Сәтпаев үшін «Джохорға» қарсы ойын «Челсидің» Азиядағы маусым алдындағы турнесіндегі төртінші матч болды. Бұған дейін 17 жастағы шабуылшы аустралиялық «Вестерн Сидней Уондерерс», ағылшындық «Тоттенхэм» және италиялық «Ювентус» командаларына қарсы ойындарға қатысты.
«Реал Сосьедадпен» жолдастық кездесу 15 тамызда «Челсидің» «Стэмфорд Бридж» стадионында өтеді.
Дастан Сәтпаев «Челси» сапындағы алғашқы жүлдесін алды. Оның Аустралияда өткен Sydney Super Cup 2026 турнирінде соққан голы жарыстың үздік голы деп танылды. Дастан Сәтпаев ресми түрде 2026 жылғы 12 тамызда, 18 жасқа толған күні «Челси» ойыншысы атанады. Қазір маусым алдындағы турне аясында ол ағылшындық клуб сапында 36-нөмірмен өнер көрсетіп жүр.
Мазмұнға өту
