Спорт

Дастан Сәтпаев «Челсидің» толыққанды ойыншысы атанды

Сурет: Chelsea F.C

Бүгін, 12 тамызда ұлттық құрама шабуылшысы Дастан Сәтпаев 18 жасқа толды. Осыған орай ол лондондық «Челсидің» ресми ойыншысы атанып, клубтың ресми матчтарына қатысу құқығына ие болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

АПЛ ережесіне сәйкес, 18 жасқа толмаған шетелдік футболшыларға Англияға көшіп, кәсіби клубтарда ойнауға тыйым салынған. Осы себепті Сәтпаев кәмелет жасына дейін «Қайрат» сапында өнер көрсетті. Ол «Челсиге» маусым аяқталған соң қосылып, клубтың маусым алдындағы дайындығына қатысты.

Сәтпаев «Челсидің» төрт жолдастық кездесуінің үшеуінде алаңға шықты. Дебюттік ойынында ол «Вестерн Сиднейге» қарсы матчтың алтыншы минутында гол соқты.

«Челси» Сәтпаев қатысқан барлық маусым алдындағы матчтарын Англиядан тыс жерде өткізді. Кездесулер Аустралия, Индонезия, Малайзия және Гонконгта өтті.

Енді 18 жастағы футболшы лондондық клубтың ресми матчтарына қатыса алады. «Челси» маусым алдындағы соңғы жолдастық кездесуін «Стэмфорд Бридж» стадионында испаниялық «Реал Сосьедадқа» қарсы өткізеді.

Еске сала кетейік, отандасымыз ағылшындық клуб сапында 36-нөмірмен өнер көрсетіп жүр.

Көп оқылғандар