Шартарап

Дастан Сәтпаев «Челсиден» «Страсбургке» жалға берілуі мүмкін

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев лондондық «Челсиден» француздық «Страсбург» клубына жалға берілуі ықтимал. Бұл жайында таланттарды іріктеуге маманданған Otu lala X-парақшасы хабарлады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Скауттық платформа алдағы уақытта «Челсиден» «Страсбургке» жалға берілуі мүмкін үш ойыншыны атады.

«Мен «Челси» клубынан «Страсбургке» жалға берілетін үш ойыншы – Сарр, Сәтпаев және Йоргенсен болады деп ойлаймын», делінген Otu lala жарияланымында.

Платформа өкілдерінің пікірінше, Франция чемпионаты Дастан Сәтпаевтың кәсіби дамуына оң әсер етуі мүмкін.

«Дастан Сәтпаев үшін «Страсбург» – орталық шабуылшы ретінде де, жартылай қорғаушы позициясында да дұрыс дамуға мүмкіндік беретін клуб», делінген жазбада.

Еске салайық, 17 маусым күні Дастан Сәтпаев «Қайрат» сапында соңғы матчын өткізген. Қазір ол Лондондағы «Челсидің» Кобхэм оқу-жаттығу базасында бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Ағылшындық клубпен келісімшарт 12 тамызда, 18 жасқа толған күні ресми түрде күшіне енеді. Жуырда «Қайрат» футбол клубының президенті Қайрат Боранбаев Дастан Сәтпаевпен кездесіп, оның жақсы физикалық дайындықта екенін атап өткен.

Көп оқылғандар