Сурет: @chelseafc
Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев «Челсидің» маусымалды жолдастық матчтарында 36-шы нөмірмен ойнайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстандық футболшы Австралия мен Азиядағы тур барысында осы нөмірмен алаңға шығады. «Челси» тарихында 36-шы нөмір көбіне негізгі командаға енді қосылып жатқан немесе клуб жүйесіне бейімделу кезеңінен өтіп жүрген жас футболшыларға берілген.
Маусымалды тур аясында «Челси» «Вестерн Сидней Уондерерс», «Тоттенхэм», «Ювентус», «Милан» және Малайзияның «Джохор Дарул Тазим» клубтарымен жолдастық кездесулер өткізеді.
Клуб баспасөз қызметі маусымалды дайындық кезінде ойыншылардың нөмірлері 2026/27 жылғы маусымдағы түпкілікті нөмірлер болмайтынын ескертті.
«Жанкүйерлер маусымалды дайындық кезінде футболшылар киген нөмірлер олардың 2026/27 жылғы маусымдағы тұрақты нөмірлерімен сәйкес келмеуі мүмкін екенін ескергені жөн. Бұл туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланады», делінген «Челси» хабарламасында.
Әр жылдары «Челсиде» 36-шы нөмірмен Джо Кинан, Патрик Бэмфорд, Рубен Лофтус-Чик, Кайл Скотт, Лукас Бергстрём, Габриэл Слонина және Дейвид Вашингтон ойнаған. Дастан Сәтпаев кәмелет жасына толғаннан кейін, тамыз айында ресми түрде «Челсидің» ойыншысы атанады.
Мазмұнға өту
