Спорт

Дастан Сәтпаев «Бернлиге» жалға ауысуы туралы пікір білдірді

Сурет: d.satpayev парақшасынан

Қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев «Челсиден» Англияның «Бернли» клубына жалға ауысуына қатысты пікірін білдірді. 18 жастағы шабуылшы жеке парақшасында жаңа кезең туралы қысқа жазба жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

«Бұл – тек бастамасы. Жалға берілу – мені одан әрі шыңдап, күшейте түсетін жаңа тәжірибе. Ең жақсысы әлі алда, иншалла! Алға, Қазақ елі!» деп жазды футболшы.

Бұған дейін «Челси» Сәтпаевтың ресми ойыншы атанғанын және алдағы маусымды Чемпионшипте өнер көрсететін «Бернли» сапында жалға өткізетінін ресми түрде хабарлаған еді.

Сәтпаев 12 тамызда 18 жасқа толып, сол күні «Челсимен» келісімшартын рәсімдеді. Қазақстандық футболшының Лондон клубына ауысуы бұған дейін «Қайрат» сапынан келісілген болатын.

Енді Сәтпаев 2026/27 маусымында «Бернли» сапында өнер көрсетіп, Англия чемпионатының екінші деңгейі – Чемпионшипте тәжірибе жинайды. Оның жалға берілуі сатып алу құқығынсыз жүзеге асқан. Сондықтан маусым аяқталғаннан кейін футболшы «Челсиге» оралады деп күтілуде.

Сәтпаевтың жаңа командадағы алғашқы ойыны жексенбі күні «Вест Хэмге» қарсы өтуі мүмкін.

Көп оқылғандар