Спорт

Дастан Сәтпаев «Бернли» сапында негізгі құраммен алаңға шықты

Сурет: Threads/burnley_official

Ұлттық құрама шабуылшысы Дастан Сәтпаев «Бернли» сапында тұңғыш рет негізгі құрамда ойнады. 18 жастағы футболшы Англия Лига кубогінің екінші кезеңінде «Брэдфорд Ситиге» қарсы матчты бастапқы құрамда бастады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сәтпаев кездесуде 80 минут өнер көрсетіп, Sofascore жүйесі бойынша 7,1 балл жинады. Бұл «Бернли» ойыншылары арасындағы үшінші үздік көрсеткіш. Одан жоғары бағаны қорғаушы Лукас Пирес (7,3) пен қақпашы Грегуар Кудер (7,2) алды.

Шабуылшы екі рет соққы жасап, бір нәтижелі пас берді. Ол 35 пастың 30-ын дәл орындап, 86 пайыздық көрсеткішке жетті. Футболшы қарсылас алаңында 23 пастың 19-ын, өз алаңында 12 пастың 11-ін дәл жеткізді.

Матч барысында Дастан Сәтпаев допқа 56 рет жанасып, жалпы 203,1 метр қашықтықты еңсерді. Ол екі дриблингтің бірін сәтті орындады.

Қорғаныста да белсенділік танытқан Дастан қарсыластан төрт рет доп тартып алып, бір рет тосқауыл қойды. Осылайша матч бойы нәтижелі ойын көрсеткен отандасымызды 80-минутта Якоб Бруун Ларсен алмастырды.

Ойынның негізгі уақыты 0:0 есебімен аяқталды. Пенальти сериясында «Бернли» 2:4 есебімен «Брэдфорд Ситиге» жол беріп, Англия Лига кубогіндегі жарыстан шығып қалды.

Еске салайық, Дастан Сәтпаев ағылшын АПЛ-дің ресми матчтарына қатысқан алғашқы қазақ футболшысы. Шабуылшы Англияға тамыз айында, 18 жасқа толған соң ауысуы керек еді. Алайда «Челси» басшылығы оны алдын ала шақырып, Аустралиядағы маусым алдындағы дайындыққа қатыстырды. Маусым алдындағы турне аясында Сәтпаев «Челсидің» төрт жолдастық кездесуінің үшеуінде алаңға шықты. Ол «Вестерн Сиднейге» қарсы дебюттік ойынында алғашқы голын соқты. Ал 14 тамызда Дастан Сәтпаев ресми түрде «Челси» құрамына еніп, «Бёрнли» клубына жалға берілді. Ал 23 тамызда қазіргі командасында дебют жасады.

Көп оқылғандар