Сурет: Egemen Qazaqstan
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Сотта анықталғандай, спортшы алкогольдік масаң күйде автокөлікті басқарып, Астана қаласының көшелерінде үш жол-көлік оқиғасын жасаған. Жол жүрісі қағидаларының талаптарын бұзу салдарынан көлік құралдары зақымдалып, материалдық шығын келтірілген.
Құқық бұзушының кінәсі іс материалдарымен, оның ішінде медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденді. Аталған қорытындыға сәйкес Данияр Елеусіновтен алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесі анықталған. Сонымен қатар кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен, жол-көлік оқиғаларының сызбаларымен, бейнежазбалармен, оқиғаға қатысушылардың түсініктемелерімен және сотта зерттелген өзге де дәлелдемелермен расталды.
Елеусіновтің әрекеті Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігі бойынша сараланды. Аталған баптың санкциясы 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуды және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруды көздейді.
Сот отырысында спортшы өз кінәсін толық мойындады. Сот ӘҚБтК-нің 50-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік қамақты қолдануға кедергі келтіретін мән-жайларды анықтаған жоқ. Кодекстің 608-бабы 3-бөлігінің санкциясы баламасыз болғандықтан, сот Данияр Елеусіновті 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындады.
Мазмұнға өту
