Сурет: Ашық дереккөз
Дәріханаларда қажетті дәрі-дәрмектің тапшылығы жиі кездеседі. Осы мәселені шешу үшін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов заңға маңызды түзетулер енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында тұтынушылардың дәріханадан іздеген дәрісін таба алмай жүргенін жиі еститінін айтты. Оның пікірінше, бұл – дәрі-дәрмек нарығындағы реттеудің жетілмегендігінен.
«Дәрі-дәрмекке қолжетімділікті арттыру үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет. Біз дәріханалардың міндетті түрде ең қажетті препараттарды сатуын талап ететін норманы қарастырып жатырмыз», – деді Аймағамбетов.
Түзетулер дәрі-дәрмектің бағасын тұрақтандыруға және тапшылықты азайтуға бағытталған. Енді дәріханалар белгілі бір тізімдегі дәрілерді үнемі сатуға міндеттеледі. Бұл әсіресе шалғай аудандарда тұратын адамдар үшін маңызды.

