Әлем

Қазақ кітаптары Қытай төрінде: Гуанчжоуда ұлттық павильон ашылды

Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Гуанчжоуда биыл 30-шы рет өткізіліп жатқан Оңтүстік Қытай кітап көрмесі салтанатты түрде ашылды. Бұл Қытайдағы кітап және баспа ісі саласындағы ең ірі шаралардың бірі. Қазақстан бұл жиынға екінші жыл қатарынан қатысып, өзінің ұлттық павильонын таныстырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ашылу салтанатына Мәдениет және ақпарат министрлігінің, дипломатиялық корпустың және Қытай мәдениет саласының өкілдері қатысты.

Ұлттық павильонда қазіргі қазақ әдебиеті, балалар шығармалары, мәдени мұра және креативті индустрия бағыттарын қамтитын 100-ге жуық кітап пен мәдени өнім қойылған.

Экспозицияда Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы және басқа да көрнекті тұлғалардың шығармашылығы мен мұрасына арналған басылымдар ұсынылған.

Сонымен қатар қазақ халқының эпостық және фольклорлық мұрасы, салт-дәстүрі, қолөнері, ұлттық киімдері мен тағамдары, киіз үй мәдениеті туралы кітаптар бар.

Көрме аясында «Түркістан» және «Шексіз музыка: Димаш» кітаптарының таныстырылымы өтті. Қазақтың дәстүрлі қолөнер үлгілері көрсетіліп, ұлттық мәдениеттің ерекшеліктері таныстырылды.

Биыл Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік баспасөз және баспа істері басқармасы классикалық шығармаларды аудару және басып шығару жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Құжат аясында алдағы бес жылда қазақ және қытай әдебиетінің 30-ға жуық туындысын аудару жоспарланған.

Қазақстанның мәдени бағдарламасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Бейжіңдегі Қазақстан мәдени орталығының, Qazaq-Oner ұлттық қауымдастығының, Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің, Гуанчжоудағы Бас консулдығының және Nomad Culture Foundation қорының қолдауымен ұйымдастырылды.

Көрме 27-31 тамыз аралығында Гуанчжоудағы China Import and Export Fair Complex кешенінде өтеді.

Көп оқылғандар